X

Отыз Сегізінші Сөз

Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері тұғралы біраз сөз жазып ядкар [35] қалдырайын. Ықылас бірлəн оқып, ұғып алыңыздар, аның үшін махаббатың толады. Махаббат — əуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нəрселер бірлəн. Мұның табылмақтығына себептер — əуелі һауас сəлим [36] һəм тəн саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады, Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ əлгі айтылған үшеуінен болады.

Ғылым-білімді əуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық өзің танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жəліб мəнфағат[37] дəфгы мұзарратларны[38] айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Аның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады я ол балалары өздері барған болады — ешбір бəһра[39] болмайды.

Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымга да, ұстазға да, хаттə[40] иман иғтиқатқа[41] да қиянат бірлəн болады. Бұл қиянатшылар жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Олардың адамшылығының кəмелат[42] таппағы — қиынның қиыны. Себебі, Алла Тағала өзі — хақиқат жолы. Хақиқат бірлəн растық — қиянаттың дұшпаны, дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме?

Көңілде өзге махаббат тұрғанда хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, əр нəрсенің түбік, хикметін білмекке ынтық бірлəн табылады. Ол — Алланың ғылымы емес, һəмманы білетұғын ғылымға нттықтық, өзі де адамга өзіндік ғылым береді.
Аның үшін ол Алланың өзіне гашықтық керек. Ғылым — Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һəм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-хұрмет[43] таппақ секілді нəрселердің махаббаты бірлəн ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды.
Мал, мақтан, ғиззат-хұрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һəм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады. Енді хақиқат сүйіп, шынды білмек құмарың бар болса, адамдыққа лайықты ықыласты құлагыңды қой. Əуел дін исламның жолындағы пəңделер, иманның хақиқатын білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақ емес, сен Алла Тағаланың бірлігіне, уа Құранның аның сөзі екендігіне, уа Пайгамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу ғалайһи уəсəллəм [44] аның тарамынан елші екендігіне инандық. Жə, не бітті? Сен Алла Тағалаға Алла Тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін де иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де Алла Тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Я өзің үшін иман келтірсең, жə инандың. Ол инанмақтық бірлəн қалса, саған пайда бермейді.

Аның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың: пайдаланамын десең, пайда береді, кəміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек. Сіз «Əменту биллаһи кəма һуə би исмайһи уа сифатиһи»[45] дедіңіз. Ол есім аллалар[46] һəмма ол Алла Тағаланың фигыл ғазимлəрінің[47] аттары, олардың мағынасын біл һəм сегіз сифат затиялары[48] не деген сөз кəміл үйрен. Өзіңді аның құлы біліп, өзіңді мүслім[49] ат қайып, тəслим[50] болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла Тағала ұқсай алам ба деп, надандық бірлəн ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ — дəл бірдейлік дағуасы бірлəн емес, соның соңында болмақ. Аның үшін Алла Тағаланың сипаттары: Хаят[51], Ғылым, Құдірет[52], Басар[53], Сəміғ[54], Ирада[55], Кəлам[56] , Тəкин[57].

Бүл сегізінен Алла Тағаладағыдай кəмəлат-газамат[58] бірлəн болмаса да, пендесіңде де əр бірінен өз халінше бар қылып жаратыпты.
Жə, біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зəрра[59] аттас сипатымызды олАлла Тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақ бірлəн біздің атымыз мүслим бола ала ма? Болмаса керек.

Жə, ол сегіз сипатына сипатымызды һəм ол аттары бірлəн ағламланған[60] фиғыл Құдаға фиғлымызды ертпек не бірлəн табылады, қалайша табылады, аны білмек керек. Ол — Алла Тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ғақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлəн тағрифлап[61] танымаққа керек. Егер де ол сипаттар бірлəн тағрифламасақ бізге мағрифатулла[62] қиын болады. Біз Алла Тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгел, хикметше ешбір хаким ақыл ерістіре алмады. Алла Тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз — өлшеулі. Өлшеулі бірлəн өлшеусізді білуге болмайды. Біз Алла Тағала «бір» дейміз, «бар» демеклік те — ғақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те Алла Тағалаға лайықты келмейді. Аның үшін мүмкінаттың[63] ішінде не нəрсенің үжуді[64] бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Əрбір хадиске[65]айтылатұғын бір кадимге тағриф болмайды. Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла Тағаланың ішінде, Құдай Табарака уатағала кітаптарда сегіз сүбутия [66] сипаттары бірлəн, уа тоқсан тоғыз Əсма-и хүсналар [67] бірлəн білдірген.

Бұлардың һəммасы Алла Тағаланың затия[68] сүбутия уə фиглия[69] сипаттары дүр.

Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі — ғылым, құдірет.
Сегіз сипаттан қалган алтауы — бұларға шарх[70]. Ол алтауының бірі — хаят, яғни тірлік.
Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым құдіреті сипаты бірлəн сипаттадық. Жə бұл бірлік, барлык ғылым, құдірет олуда[71] боларлық нəрселер ме? Əлбəттə, ғылым құдіреті бар болады: хаяты — мағлұм, бірі — ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нəрсеге харакет бермейді. Һəммаға харакет беретұғын өзі. Ол ирада — ғылымның бір сипаты кəлем, яғни сөйлеуші деген: сөз қаріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі — қаріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті жəне басар, сəмиғ, яғни көруші, естуші деген. Алла Тағаланың көрмегі, естімегі біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты.

Бірі тəкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса, Алла Тағаланың сипаты өзіндей қадім, һəм əзəли[72], һəм əдəби[73] болады да, һəмишə[74] барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші боларға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һəр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ықтиярсыздық Алла Тағалаға лайықты емес. Оның барлыққа
келтірмегі — құдіретіне ғана бір шарх. Бұл ғылым, құдірет екі сипат бірлəн сегіз сипат бұзылмастан түгел болады. Ол ғылым кұдіретте ешбір ниһаятсіз[75] ғылымында ғафлят [76] , құдіретінде епсіздік я нашарлық жоқ.

Саниғын сұнатына[77]қарап білесіз. Бұл көзге көрінген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикмет бірлəн жарастырып, қандай құдірет бірлəн орнастырған, еш Адам ұғылының ақылы жетпейді.

Бірақ пендесінде акыл-хүкімші, қайрат, қуат қызмет қылушы еді. Соған қарап ойласаң: Алла Тағаланың сипатында солай болмаққа тиіс. Бірак əуелде айтқанымыз: ғылым, кұдірет — біздің ұғуымызга ғана екі хисап болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса, сипаттар өз орталарында бірі тəбиғ [78] , бірі мəтбуғ [79] болады ғой. Бұл болса, тағриф раббыге [80] жараспайды.

Сегіз сипат қылып жəне ол сипаттар «ла ғаиру уə лə һуə»[81] болып, былай айтуда, бұлардан бір өз алдына жамағат яки жамиғат шығып кетеді. Бұл болса келіспейді. Егерде сипаттарды əрбірін басқа-басқа дегенде, көп нəрседен жиылып, ынтымақпенен Құдай болған болады. Бұлай деу батил[82], бір ғана құдірет пендеде болған қуат: құдірет, ғылым ақылдан басқа болатұғын еді, Алла Тағалада болған құдірет — ғылым һəм рақымет. Ол — рақымет сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да Алла Тағаланың Рахман[83], Рахим[84] , Ғафур[85], Уадуд[86], Хафиз[87], Сəттар[88], Разақ[89], Нафиғ[90], Уəкил[91], Латиф[92] деген есімдеріне бинаəн [93] бір ұлығ сипатынан хисаплауға жарайды. Бұл сөзіме нақлия [94] дəлелім — жоғарыдағы жазылмыш Алла Тағаланың есімдері.

Ғаклия [95] дəлелім Құдай Тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа бірінен-бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатұғын ғақылды инсанды[96] жаратыпты.

Хайуандарды асырайтұғын жансыздарды еті ауырмайтын қылып, жан иесі хайуандарды ақыл иесі адам баласы асырайтын қылып, һəм олардан Махшарда[97] сұрау бермейтұғын кылып бұлардың һəммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан.

Адам баласынан Махшарда сұрау беретұғын қылып, жаратқандығыңда һəм ғадалəт, һəм махаббат бар. Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар сипатында жаратпай, бұл гузəл сипатты беріп, екі аяққа бастырып басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңгайлы екі колды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, исін алып лəззаттанғандай қылып ауыз үстіне мұрынды қайып, оның үстіне тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нəзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?

Ғақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен; ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дəндерді өсіріп, жемістерді ендіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бəйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нəбатəттəрді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, езен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар: етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар: балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балаузын, құрт жібегін — һəммасы Адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде, бұл менікі дерлік бір нəрсе жоқ, бəрі — адам баласына таусылмас азық.
Миллион хикмет бірлəн жасаған машина, фабрик адам баласының рақаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасалушы махаббат бірлəн адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік карыз емес пе?

Адам баласы қанағатсыздық бірлəн бұл хайуандардың тұқымын құртып, алдыңғылар артқыларға жəбір қылмасын деп, малды адам баласының өзінің қызғанышына қоргалатып, өзге хайуандарды бірін ұшқыр қанатына, бірін күшті қуатына, бірін жүйрік аяғына сүйентіп, бірін биік жартасқа, бірін терең тұңғиыққа, қалың орманға қорғалатып, һəм əрбірін өсіп-өнбекке құмар қылып, жас күнінде кішкене уақытында шафхат сəхəрі[98] бірлəн бастарын байлап қамкор қылып қоймақтығы, адам баласына өсіп-еніп, теңдік алсын емес, бəлкі адам баласының үзілмес нəсіліне таусылмас азық болсын дегендік. Бұл хикметтерінен һəммасына һəм мархамат[99], һəм ғадалəт заһир[100] тұр екен.

Біз өз ортамызда бұл мархамат ғадалəтті иманның шартынан хисап қылмаймыз, ал аның үшін мүсілим болғанда, Алла Тағалаға тəслим болып, Оның жолында болмақ едік, болғанымыз қайсы? Бұл екі ай мен күннен артық мағұлым тұрған жоқ па?

35 есткерткіш, есте қалу
36 жақсы сипат
37 пайдалыны алу
38 зарарлыны кешіру, қашыру
39 пайда, нəтиже
40 тіпті
41 нану, сену
42 жетілу, толығу
43 қадір, сый
44 (ар. صلّى الله علیه وسلّم ) – Оған Алланың сəлемі мен рақметі болсын деген сөз
45 (ар. امنت بالله كما هو باسماءه وصفاته ) – Құдайға, Оның есімдері мен сипаттарына иман келтірдім
46 Алланың аттары
47 ұлы іс
48 өзіне қас, өзіне лайық болған сипат
49 мұсылман
50 берілу
51 тіршілік, тірі болу
52 күш
53 көру, көруші
54 есту, естуші
55 тілеу, қалау
56 сөйлеп, сөйлеуші
57 бар қылу, болдыру
58 үлкен жетісу
59 кішкентай, титтей
60 белгілі, мəлім, анық
61 айыру, анықтау, білу
62 Алланы тану
63 болуы мүмкін нəрселер
64 бар болу, болмыс
65 Пайғамбарымыздың сөзі
66 орнықты, тұрақты
67 көркем, жақсы (Аллаға тəн) есімдер
68 өзіне лайық
69 өзі істейтін
70 түсінік, түсіндіру
71 күш болуда
72 əуелде, əуелден
73 мəңгі
74 үнемі, əрқашан, əрдайым
75 шексіз, шамасыз
76 қапы қалу, қапы болушылық
77 істеушінің ісіне
78 ертуші
79 еруші
80 Құдайды тану
81 (ар. لا غیر ولا هو ) – басқа да емес, оның өзі де емес
82 қиянат, теріс
83 Жарылқаушы
84 Мейірімді
85 Кешіруші
86 Сүюші
87 Қорғаушы, Сақтаушы
88 Айыпты, Жабушы
89 Ырзық беруші
90 Пайда беруші
91 Өкіл
92 Таза, Кішіпейіл
93 негізделген
94 бұрыннан айтылып жүрген негізгі сөз
95 ақылмен, оймен
96 адам, адам баласы
97 адам баласы өліп тірілгеннен кейін Құдай алдында күнəсі тексерілетін орын
98 ертеңгі рақымет
99 жақсылық
100 əділдіктің көрінуі

Отыз Сегізінші Сөз (2 б.)

Похожие материалы:

elimai_kz:
Related Post

This website uses cookies.